Әлеуметтік желіде анықталған тәртіпбұзушы мемлекеттік қызметкерлердің ісі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралмайтын болды

1866

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйек күні əлеуметтік желілерде қаладағы кафелердің бірінде тәртіп бұзған үш азамат жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Олар даяшыдан түбіртекті мемлекеттік тілде әкелуді талап етіп, әкелмеген жағдайда ақша төлеуден бас тартатындарын жеткізген.

«Олар — мемлекеттік қызметшілер» деген ақпаратпен БАҚ және фейсбук әлеуметтік желісінде қоғамдық резонанс туғызған азаматтардың іс-әрекетіне қатысты жарияланған сыни материалдар мен пікірлер жазылған болатын.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бейне көріністерді зерделеу барысында Ақтау қаласында орналасқан кафелердің біріне келуші үш азаматтың біреуінің ғана мемлекеттік қызметші, яғни, көк жейдеде отырған азамат мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған және бүгінгі таңда үш ай сынақ мерзімінен өтуші Ақтау қаласы әкімі аппаратының бас маманы Е.Анесов екені анықталды.

Ал қалған екі азамат мемлекеттік қызметші емес-міс. Бейнекөріністегі негізгі оқиға кафе қызметкерлері мен басқа мемлекеттік қызметке қатысы жоқ жеке тұлғаның арасында орын алған болып шықты.

Оның үстіне мемлекеттік қызметші Анесов құқық қорғау қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалуына байланысты оның ішімдік қабылдау не қабылдамау фактін тиісті құзырлы орган қызметкерлері анықтай алмаған.

Қазіргі уақытта Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, тәртіп бұзған мемлекеттік қызметшіге қатысты қызметтік тексеру тағайындалып, нәтижесі қосымша баяндалатыны туралы ақпарат тарады.

Жалпы Е.Анесовтың тәртіпсіздікке жол бермеуін оған бекітілген тәлімгері және қала әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі бақылау керек болатын. Алдағы уақытта, қала әкімдігіндегі мемлекеттік қызметшілердің тәртібі жөнінде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Гүлмира Қалмұратовадан кезекті Әдеп жөніндегі кеңес отырысында сұралмақ.

Ақпарат көзі: ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі