Коррупциямен күрес күшейтіледі

62

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесіне баса назар аударып отыр. «Ақорда» резиденциясында өткізген алғашқы кеңесінде алдымен сыбайластыққа тосқауыл қоюды тапсыруы – соның дәлелі.

Бұл сөзді Президент Түркістан облысына барған бірінші жұмыс сапарында қадап айтты. Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басты мақсаты – азаматтардың құқығын сақтау болуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керектігін атап айтып, мемлекеттік  органдар басшыларына  халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуді, жемқорлықпен күресті күшейте түсуді қатаң ескертті.  Бұл – елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бұрынғыдан да пәрменді, ымырасыз жалғаса беретінінің көрінісі.

Елімізде қоғам дертіне қарсы күрес туралы заңнама жетілдіріліп, арнайы стратегия, бағдарламалар бар. Нақтырақ айтсақ, 2014 жылы 3 шілдеде Қылмыстық кодекс, сол жылдың 26 желтоқсанында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң,  29 желтоқсанында мемлекеттік  қызметшілердің Әдеп кодексі қабылданған. Қазір бұл саладағы негізгі саясат–сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтың алдын алуға бағытталып отыр.  Жалпы мемлекет пен қоғам коррупцияға қарсы бір күш боп күрес жүргізуі керек. Сонда ғана азаматтардың санасы қоғамдағы кез келген жемқорлық әрекеттерін қабылдамайтын болады. Оған мүлдем төзбеушілік және жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасады.

Алайда, елімізде  сыбайлас жемқорлық әрекеттер тыйылмай тұр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден байқайтынымыз, қатардағы мемлекеттік қызметшілерден бастап Үкімет басшысына дейін коррупцияға ұрынған үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Дегенмен, қабылданған тиісті іс-шаралар нәтижесіз де емес. Мәселен 2016 жылға қарағанда 2018 жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылықтар 23 процентке төмендеген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жылдық жиналысында келтірілген мәліметке қарағанда, өткен жылдың қортындысы бойынша 1290 тұлға сыбайластыққа жол беріп, қылмыс жасаған. Оның 25-і республикалық, 91-і облыстық, 142-сі қалалық және аудандық деңгейлердегі  басшылар.

Азаматтық қоғам өкілі, Әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі ретінде ұққаным, соңғы жылдары жемқорлықпен күрес, оның алдын алу тәсілдері  жаңаруда. Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында ұсынылған  «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобасының аясында Таразда «Жамбыл – адалдық алаңы» офисі жұмыс істей бастады. Оның арнайы мониторингтік тобы жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірдегі көкейкесті мәселелерді дер кезінде қарап, шешуге өз ықпалын тигізуде. Ол туралы облыс тұрғындары «Facebook» электрондық желі арқылы, жергілікті БАҚ-тардан Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен және «Жамбыл – адалдық алаңы» офисімен тікелей және кері байланыста екенін көріп отырмыз. Барлық Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің ұялы телефондары да жұртшылықпен  байланыста болу үшін ақпарат арқылы жарияланып отыр.

Биыл ақпан айында Қордай ауданында 4 азаматты жеке сұрақтары бойынша қабылдап, сауалдарына түсініктеме бердім.Ал жұмыссыз жүрген, тұрмысы төмен, екі балалы Н.Т. азаматшаның атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тіркеуге тұру туралы өтінішін жергілікті атқарушы органдармен бірге шешіп, сұрағын қанағаттандырдық.

Президент қойған талапқа сай, барлық мемлекеттік органдардың басшылары «Facebook»-та өз аккаунттарын, парақшаларын ашып, күнделікті жұмыстары туралы фото-видео ақпараттарын әлеуметтік желіге салып жариялауда. Бұл тұрғындармен кері байланыс орнатып, көкейкесті сұрақтарына, шұғыл жауап табуына ықпал етеді. Жариялылықты сақтаудың жолы да – осы.

Әлеуметтік желіні тиімді пайдаланып отырғандардың қатарында барлық қала, аудан әкімдіктері, облыс әкімдігінің білім, туризм, мәдениет, архивтер және құжаттама, ауыл шаруашылығы басқармалары, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстағы департаменті, полиция департаменті, тағы басқалары бар. Мемлекеттік қызмет департаментінің көп іс-шаралары тікелей эфирде ашық жүргізілуде. Арнайы топтың жоғарғы оқу орындарында өткізген сауалнамалар қорытындысы көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне бейім кейбір оқытушылардың аты-жөндері белгілі болды. Бұл мәселе ЖОО-ың жиналыстарында қаралып, басшылары тиісті шаралар қолданды. Сол сияқты, құпия қызмет алушылардың анықтағандары бойынша   автомобиль жүргізушілерінің  куәлігі кейбір аудандық арнайы қызмет көрсету орталықтарында делдалдар арқылы азаматтарға жасырын сатылатыны, автомобильдердің техникалық бақылауы формальды түрде жүргізілетіндігі анықталған. Бүгінге дейін Равиль Тулебаев басқарып отырған департаментінің ықпалымен өңір бойынша 222 сатушылары жоқ адалдық дүкені ашылып отыр. Жүргізілген нақты жұмыстар арқылы мектеп директорлары кең кабинеттерін босатып, келушілерге жақын болу үшін, шыға беріске жақын, шағын ашық кабинеттерге орналасуда. Биыл ауылдық жерлердегі кітапханаларда 71 цифрлық ақпараттық орталық ауыл тұрғындарына қызмет істеуде. Мектептерде 392 «Адал Ұрпақ» еріктілер клубы, жоғары және орта оқу орындарында «Саналы ұрпақ» ұйымдары жұмыс істеуде.  Бұл жерде көңілге қонатын бір мәселе – «Facebook»-та Агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың мемлекеттік қызметшілерге арналған  құнды кеңестері, ұсынымдары мен талаптары жиі жарияланып тұратындығы. Бәрі түсінікті, қарапайым тілде жазылған. Бұл өте дұрыс! Мәселен, мен өзім Шпекбаев мырзаның 5 сәуірде «Адалдық, ашықтық, жауапкершілік, есеп берушілік» тақырыбындағы әлеуметтік желіге жарияланған жазбасын қызыға оқып шықтым. Қалың жұртқа осындай түсінікті форматта  қызмет көрсету саласында еңгізіліп жатқан жаңа тәсілдегі жобалар туралы мәліметінің пайдасы зор. Орайы келгенде, Агенттік басшылығына  бір  ұсыныс айтқым келеді. Қазіргідей барлық салаға цифрлық технология енгізіліп жатқан кезеңде, түрлі әлеуметтік желінің ықпалы жүріп тұрған уақытта мемлекеттік қызметшілерге ұялы телефондарын  пайдалануға рұқсат беру керек деп санаймын.

Бүгінде сыбайлас жемқорлықты мемлекеттік, құқық қорғау органдарымен қатар, барша қоғам боп күрескенде ғана жеңуге болады.  Сондықтан  «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-нің Жамбыл облыстық филиалы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал жанындағы Қоғамдық кеңесімен, кәсіпкерлік палатасымен, ардагерлер кеңесімен және облыстық қоғамдық кеңеспен сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзара іс-қимыл жасау туралы уағдаласып, Меморандум қабылдадық. Аталған ұйымдардың, азаматтық қоғамның өкілдері барлық салада сыбайлас жемқорлық денгейін төмендетуге, қоғамда коррупцияға «нөлдік» төзімділік танытуға бар күш-жігерлерін аямайды деген ойдамын. Мемлекет басшысы атап өткендей, сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттің ғана емес, барлық азаматтардың міндеті! Олай болса іске сәт, құрметті отандастар!

Қасымхан Төлендиев,

«ЖАНАРУ» сыбайлас жемқорлыққа

қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ-нің

Жамбыл облыстық филиалының директоры