Үйінен бір бума ақша шықты – құқық қорғаушылар департамент басшысын тергеуге алды

53

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі индустриялық даму және өндірістік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облыстық департаментінің басшысын тергеуге алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Агенттік тергеушісі Данияр Биғайдаровтың айтуынша, департамент басшысы екі сыбайласымен бірге алаяқтық жасады. Үш күн бұрын олар жеке компаниядан заңсыз ақша алған.

«Осы ақша үшін өндірістік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарға мүмкіндік жасаймыз деген. Күдіктілер өз кінәсін толығымен мойындады. Сол себепті оларды қамауға алған жоқ», – дейді Биғайдаров.

Айта кетейік, индустриялық даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департамент басшысын ұстау операциясын видеоға түсірді. Соған қарағанда, ол бір бума ақшаны өз үйінде сақтаған.