9 желтоқсан- Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне байланысты «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ-нің орталық аппаратында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, «Аманат» партиясы, Білім басқармасы, Денсаулық сақтау басқармаларымен бірлескен «Zoom» онлайн форматында маңызды жиналыс өтті.
Жиналыстың онлайн форматта өтуі- ҚР денсаулық сақтау Министрлігінің ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының санитарлық-эпидемиологиялық, яғни алдын-ала сақтандыратын індетке қарсы іс-шаралар жүргізу мақсатындағы 2022 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысына сәйкес орайластырылды.
Маңызды іс-шараға қатысқан ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары І.Базилов, Астана қаласы әкімдігі Білім басқармасының басшысы Қ.Сенғазыев, «Астана медицина университеті» КЕАҚ комплаенс қызметінің басшысы С. Абдуллин сыбайлас жемқорлыққа қарсы жыл бойында өткізілген іс-шаралардың қорытындысына есеп беріп, алдағы уақытта жасалатын жаңа бағдар, бағыттарды белгілеп, мақсаттарды айқындады.
Іс-шараның атқарылуына ерекше екпін, серпіліс беріп, әрдайым халық игілігі үшін бастамашыл, ізгі істердің басы-қасында жүріп, ұйымдастырушылық жұмыстарына мұрындық болған «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ -нің төраға орынбасары, Астана қалалық филиалы директорының орынбасары, ҚР Ішкі Істер Министрлігінің Қоғамдық кеңес мүшесі Д. Рахметуллин сөз алып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жүргізу барысында азаматтардың бойында оған қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыру, оны мүлде болдырмаудың жолдарын қарастыру туралы, сонымен қатар жыл қорытындысы бойынша «ЖАҢАРУ» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарған қарқынды жұмыстары мен жоба аясында жасаған тегеурінді қызметтерін сараптап өтті.
Бүгінгі халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай осы салада маңдай алды қызмет жасап, қоғам үшін, барша жұртшылық үшін тер төгіп сан-салалы жұмыстар атқарып, сыбайлас жемқорлықтың болмауына тосқауыл қою жолында екпінді істер жүргізген белсенділерді марапаттады.
«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі