Бірлесе көтерген жүк жеңіл

34
Главное фото из открытых источников

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Астана — адалдық алаңы» бірлескен жобасын жүзеге асыруды 2018 жылдың ақпанында бастаған болатын. Жобаның негізгі міндеттері — тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқы үлгісін одан әрі дамыту мен жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық жемқорлықты жою, азаматтар және бизнес үшін кедергісіз әрі қолайлы жағдайлар жасау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығына, ауқымдығына қоғамдық бақылау жүргізу.

Жоба аясында мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын қайта қарау, мекеме басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру, қызметтердің барлық бағыттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыру және тағы басқа мәселелер қамтылуда.

Астана тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету не жою бойынша өздерінің ұсыныстарын енгізулеріне болады.

Елбасы тапсырмасына сәйкес ҚР Мемлекеттік кызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі  сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оған  жол бермеу мақсатында «Астана — адалдық алаңы» жобасы шеңберінде бірнеше күрделі әрекеттер жиынтығын қабылдады. Соның бірі — «Азаматтық бақылау» жобасы. Аталған жобаны жүйелі түрде жүзеге асыруға Астанада қоғамдық ұйымдар да белсене атсалысуда.

 Мұндағы мақсат, біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарының бұзылуына жол бермеу және халыққа  сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болса, екіншіден, қоғамдық қабылдау өткізу арқылы қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдап жауапты орындарға жеткізу болып табылады.

«Азаматтық бақылау» жобасы шеңберінде Астана қаласында бірнеше күрделі де, сүбелі іс-шаралар жүргізіуде. Өткізілген қоғамдық қабылдауларда қала тұрғындарынан өтініштер тыңдалуда. Мұның басым көпшілігі тұрғындардың үй, жер және анықтама алуы, басқа да мемлекеттік мекемелердегі қызмет көрсетуге байланысты. Бұл сауалдарға өтініш иелерінің дер кезінде жауап алып, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуін қамтамасыз ету үшін жазбаша түрде өтініштер алынып, тиісті мемлекеттік органдарға жолдануда.

Барлық іс-шаралар тиянақты, жан-жақты қаралып, нәтижелі болуы үшін мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті атынан құзырлы мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Арнайы шаралар қолдану нәтижесінде өтініштердің қаралуы заңға сәйкестендіріліп, жауапкершілік күшейтілуде.

Мәселен, осы іс-шараларды іске асыру мақсатында 5 айдың ішінде 50-ден астам мекемелерде, мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту және сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету не жою бағытында кездесулер, сұбхаттар, заңдылықты сақтау, түсіндіру өткізілуде.

Соның бірі, 5 маусым күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясыда «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» РҚБ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиал директорының орынбасары Кеңес мүшесі, ҚР ҚҰК генерал-майоры  С.М.Қойбақовтың  «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» атты баяндамасы және әнгімелесу барысында көтерілген мәселелер ұжым назарына алынды. 

Сонымен қатар инспекция басшысы Мұхтар Алиев те экспортқа жіберілетін карантинге жататын өнімдерді зертханадан өткізуді қамтамасыз ету; ҚР бойынша ай сайынғы зертханаға жіберген үлгілердің саны жөнінде талдау жасалып, бақылауға алынуы, инспекторлардың  шет елдердің карантиндік нысандарының тізімін білуі қажеттігін; сырттан және аймақтардан келген карантинге жатқызылған өнімдерде  карантиндік объектілерді анықтау  жұмыстары  күшейтілуін; ҚР «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңы, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Заңы талаптарын қатаң сақталуын талап ету;  еңбек және орындаушылық тәртіптің қатаң сақталуы қамтамасыз етіліуі туралы мәселер көтеріліп, оның орындалуына басымдық беру қажеттілігі айтылды.

 Осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан іс-шаралардың барлығы еліміздің гүлденуіне оң ықпал етіп, дамып-өркендеуіне кедергі келтіріп жатқан теріс жағдайлар жойылады деген үлкен үміт бар.

Дәулеткерей Рахметуллин,

«ЖАҢАРУ» РҚБ Нұр-Сұлтан қаласы

бойынша филиалының директоры