Басшысы ауызша рұқсат берген Денсаулық сақтау басқармасының қызметкері 2 күн жұмысқа келмеген

1782

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне өңірлік Денсаулық сақтау басқармасынан келген тексеру қорытындысында осылай делініпті. Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен К.Оралбаеваға қатысты жүргізілген қызметтік тексеруде төмендегідей мән-жайлар анықталған.

К.Оралбаева өздігінен басқарма басшысының рұқсатынсыз, демалысын ресми құжаттармен рәсімдемей-ақ екі күн жұмыс орнында болмаған.

Алайда К.Оралбаеваның сөзінше басқарма басшысы А.Бапиев өзі ауызша рұқсат берген көрінеді. Басқарма басшысы болса орынбасарын жұмыстан босатпағанын айтып, үзілді-кесілді  бас тартып отыр.

— Мемлекеттік қызметшінің өтініші негізінде қандай да бір шешімнің қабылданғанына көз жеткізбестен қызмет орнында болмау әрекеті Әдеп кодексінің 5-тармағы 11-тармақшасындағы «қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға…» делінген талаптардың бұзылуына әкеледі, — дейді Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Нұргүл Жаназарова.

Осыған байланысты, кеңес мүшелері бір ауыздан К.Оралбаеваға қатысты «қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде» әкімшілік жаза қолдану туралы ұсыным енгізіп Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына жолдады.

Менш.ақп.

Ақпарат көзі: МҚІСЖҚА Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі