Қазақстанда парасаттылық мектептерінің жұмысы басталды

155

2019 жылғы 10–14 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының барлық облыстардағы, Алматы және Шымкент қалаларындағы филиалдарының базасында жоғары оқу орындарының студенттері Парасаттылық мектебінде оқудан өтеді.

Оқуды ұйымдастырушы – ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеу жөніндегі зерттеу орталығы.

Парасаттылық мектебінің негізгі мақсаты – жастар ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру және жаңа формациядағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың жас өкілдерін дайындау.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Парасаттылық мектебі – бұл қарқынды, шығармашылық атмосфераның, ұжымдық және жеке оқыту нысандарының, эмоциялық тұрғыдан еркін және қатысушылар арасындағы үздіксіз өзара әрекеттестіктің үйлесімі.

Нұр-Сұлтан қаласында Академияның барлық филиалдарының қатысуымен бейнеконференцбайланыс режимінде парасаттылық мектептері өз жұмысын ресми бастады. Парасаттылық мектебінің ашылуына МҚІСЖҚІА Төрағасының орынбасары Олжас Бектенов, ҚР Президентінің жанындағы МБА-ның ректоры Әлтаир Ахметов, зерттеу орталығының қызметкерлері және т.б. қатысты.

«Негізінен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жұмысты ересек контингентпен жүргіземіз, яғни бұл дегеніміз жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және т.б. Ал қазір алғаш рет жастарды біздің парасаттылық мектептерімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа үйрететін боламыз. Жас жеткіншектер аймақтардағы курстарға үлкен қызығушылық танытып отыр. Мысалы, тек Қызылорданың өзінде 3 топ қатарынан оқытылады, бұл шамамен 80 адам. Мектеп қорытындысы бойынша қатысушылар біздің сарапшыларымыздың жетекшілігімен командалық жобаларды қорғайтын болады, курстарды бітіргені туралы сертификаттар алады, сондай-ақ ЖОО-да «сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жетекшісі» болады», — дейді вице-ректор Айгүл Көшербаева.

Парасаттылық мектебіне қатысу үшінҚазақстанның жоғары оқу орындарының 300-ден астам студенті іріктелді. Парасаттылық мектебіне қатысу тегін.

Парасаттылық мектебінің қатысушылары сыбайлас жемқорлық феномені және онымен байланысты ұғымдар туралы теориялық білім алады, алған білімдерін тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен командалық жобаларды әзірлеу кезінде қолданады, сондай-ақ өзінің шығармашылық және сыни құзыреттіліктерін дамыту мүмкіндігіне ие болады.

Оқытуды жоғары білікті сарапшылар мен шақырылған тренерлер өткізетін болады, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету үшін пайдаланылуы мүмкін жаңа әзірлемелер туралы айтып, оларды практикалық қолдану тәжірибесімен бөліседі.

Дәрістер, семинарлар, зияткерлік және іскерлік ойындар, практикалық сабақтар, шағын топтарда оқу кейстерімен жұмыс кезінде парасаттылық мәдениетін қалыптастыру мәселелері, ҚР-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы инновациялық құралдар, жобалық басқару негіздері зерделенеді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әлемдік тәжірибесі талданады.

Ақпарат көзі: kyzmet.gov.kz