Қазақстан мен Ресейдің парламентаралық ынтымақтастығы

10

Қазақстан мен Ресейдің парламентшілері қазіргі халықаралық жағдайды дамыту үрдістерін, ЕАЭО аясындағы ынтымақтастықты, екі ел арасындағы әскери білім берудің жай-күйі мен оны дамытудың келешегін талқылады. Астанада Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Халықаралық істер, Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттері мүшелерінің кездесуі болды.

Сенат комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстан мен Ресей арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын парламентшілердің жүйелі байланыстары да көрсететінін атап өтті.

Халықаралық жағдайдағы шиеленістер көріністеріне қарамастан екі ел арасында халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара тиімді және тығыз байланыстар қалыптасып отыр. Сенатор Астана процесінің кепілі болып табылатын елдер басшыларының Сочидегі нәтижелі әрі мазмұнды кездесуінің қорытындыларын атап өтті. Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Константин Косачев те Астана процесінің маңыздылығы мен тиімділігіне тоқталды.

Биылғы жылдың сәуірінде Астанада кепіл елдердің өкілдері, Сирия тараптары мен БҰҰ өкілдері келіссөздерінің кезекті 12-ші раунды өтеді.

Сенат комитетінің төрағасы ауған елін ішкі реттеуге жәрдемдесу және Мәскеуде ауған саясаткерлерінің «Ауғанаралық үнқатысу» жөніндегі реттеу конференциясын тиімді өткізуге Ресейдің елеулі үлес қосқанын атап өтті.

«Қазақстан өз кезегінде сауда-экономика және гуманитарлық көмек аясында Ауғанстан Үкіметіне көмек көрсетуді жалғастырып келеді», — деді сенатор.

Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығы, оның ішінде кедергілерді, алып қоюлар мен шектеулерді жою туралы баяндады.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев екі ел арасындағы әскери білім берудің жай-күйі мен келешегі туралы айтты. Оның айтуынша, қазіргі кезде Ресей қорғаныс министрлігінің 28 жоғары оқу орнында 300-ге жуық қазақстандық әскери қызметшілер білім алуда, бұл шетелде оқитын әскерилердің 67 пайызын құрайды.

Сонымен қатар, биылғы жылы ресейлік тарап өзінің әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне жіберуге ықылас білдірді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелерін жан-жақты талқылағаннан кейін тараптар Парламент Сенаты мен Федерация Кеңесінің салалық комитеттеріндегі парламентшілердің кездесулерінің тиімділігін атап өтті. Жүздесулердің бұл сипаты өзін-өзі ақтады және біздің елдеріміздің арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтудағы депутаттардың рөлін күшейтуге толықтай ықпал етеді.

Астанаға сапар аясында ресейлік сенаторлар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде болды. Федерация Кеңесі Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Константин Косачев пен Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Виктор Бондарев университеттің басшылығымен және тыңдаушыларымен кездесті. Парламентшілер Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш орталығына және «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» мекемесіне баруды жоспарлап отыр.