Астана күніне орай салтанатты жиын өтті

1875

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

 Шара барысында департамент басшысы Нұргүл Жанназарова барлық мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік органның құрылуының 20 жылдығы және еліміздің бас қаласы Астананың 20 жылдығымен құттықтады.

Астана жасампаз еліміздің жас қаласы, халқымыз үшін тәуелсіздік пен өсіп-өркендеудің алтын тұғыры, әлемдегі болашағы жарқын үздік қалалардың бірі. 20 жылда Астана сыртқы келбетіне ішкі сұлулығы үйлесіп, қанат жайып, сырттан келгенді де, іштен барғанды да тамсандыратын ғажайып шаһарға айналды және барлығымыз елордамызбен мақтануға тиіспіз», — деді ол өз сөзінде.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Қайролла Ережепов Қайролла Ережепов болса Астананың туған күні, өткен өмірден сыр шертетін саяси маңызға ие тарихи мереке екендігін тілге тиек етті және Алматыдан сол кездегі Ақмолаға астананың ауыстырылуы туралы шешім оңай болмағанын еске алды.

— Рас, күмән мен күдік басым болды. Себебі үлкен бір шаһар тұрғызу уақытты, қаражатты, батыл шешімді қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бір топ депутаттар болып Астанаға келдік. Оңды-солды барлығын қарап бағамдадық. Шыны керек оңай болған жоқ. Бірақ қандай қиындықтар болмасын сүрінбей өттік, — деп өткенге көз жүгіртті.

Салтанатты жиын аясында аумақтық департаменттің қатары екі жас маманмен толықты. Сынақ мерзімінен сүрінбей өткен Ерлан Сисеналиев және Хәкімбек Атадусов ант қабылдаса, уәкілетті органның оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін Самат Құсайынов пен Ханшайым Құспановға алғыс жарияланды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі үшін мектеп оқушылары мен колледж студенттері қошеметке бөленді. Арнайы өткізілген «Мемлекеттік қызмет — елдің мүддесіне адал еңбек»  облыстық эссе, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға жиырма жыл» тақырыбындағы эссе, «Абыройлы ұстаз» тақырыбындағы бейнеролик байқауларының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар түрлі марапаттарға ие болды. Жиын соңы ән мен күйге ұласты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі