Адалдық пен ізгілікке бағыт алады

97

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 70 жылдық мерейтойы аясында ЖОО ректоры Мұхтар Төлеген «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ төрағасының орынбасары Бейбіт Мамраев пен Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры  Жомарт Манақовпен өзара ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды.
Меморандумның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде күш біріктіру және жемқорлықты жоюға бағытталған іс-шараларға азаматтардың белсенді қатысуына ықпал ету.
Тараптар елдің жас ұрпағын ҚР Конституциясы мен заңдарын құрмет тұтып, тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралар өткізуге, түрлі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты әлеуметтік құбылыс ретінде жоюға бағытталған бастамаларды қалыптастыруға, оны ілгерілету жолында жәрдемдесуге және бірлескен бағдарламаларды әзірлеуге ниетті.
Бірлескен меморандумдардың негізгі маңызы- «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс РҚБ-нің «Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу» атты әлеуметтік жоба шеңберінде жүргізілді. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында өткізілген мұндай келелі кездесулердің қоғам үшін де, оның ішінде жастардың бойында тек қана жақсылық пен ізгіліктің, білімге құштарлық пен ғылымға ұмтылудың қарым-қабілеттері көрініп, білімді, білікті азаматтардың қалыптасуы, осы жолда сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілік пен қоғамдағы ондай жат құбылыстарға жеккөрушілік сезімдерді қалыптастыру, адалдық пен игілікті істердің биікке шығаратынын түсіндіру, түйсіндіру бағыттарындағы атқарар қызметі ұшан-теңіз.

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «SANALY URPAQ» студенттік клубы жұмыс істейді, ол студенттер, сондай-ақ университет оқытушылары мен қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының сыбайлас жемқорлық және академиялық адалдықты бұзу жағдайлары бойынша ректордың виртуалды қабылдау бөлмесі, «жедел желі» телефоны, сайттағы жалпыға қолжетімді форум-чат арқылы жүгінуі үшін байланыс арналары ашылып, жұмыс істеуде. Ректормен, білім алушылармен, олардың заңды өкілдерімен, сондай-ақ оқытушылармен онлайн-кездесулер жүйелі түрде өткізіледі. Сенім телефондары, факультеттер мен университеттің байланыс орталықтары тұрақты жұмыс істейді.
Сонымен қатар С.Аманжолов атындағы университетінде осы оқу орнының бұрынғы ректорлары Арстан Ғазалиев пен Бейбіт Мамраевтың студенттермен кездесу өткізді. Университеттің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген мағынаға толы кездесулер кезінде оқу орнындағы елеулі оқиғалары мен жеткен табыстары, өткен жылдар туралы естеліктер де ерекше ілтипатпен айтылды. Бүгінгі күні университеттің бұрынғы ректорларының жоғары оқу орнының дамуы мен нығаюына қосқан айтарлықтай үлестеріне орай, Арслан Ғазалиев атындағы конференц-зал мен Бейбіт Мамраев атындағы ғылыми кітапхана ашылды.

«ЖАҢАРУ» РҚБ баспасөз қызметі