«Адал жол — Честный путь» марафоны берекелі Бейнеуге берілді

2149

Эстафета ретінде Ақтау қаласынан бастау алған сыбайлас жемқорлыққа қарсы аталмыш марафон Түпқараған мен Маңғыстау аудандарында болып, Бейнеу ауданына өтті. Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров туды, ал оның орынбасары Талғат Қылаңов өткізіліп жатқан жұмыстар туралы мәліметтер мен тілектер жазылған кітапты Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әмірхановаға салтанатты түрде табыстады. Айтулы шара сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығы және Астана қаласының 20 жылдығына орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өтті. Оған Агенттіктің аумақтағы департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова қатысып өз тілегін білдірді.

     — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру біздің ортақ парызымыз болып табылады. Бұл ретте өткізіліп жатқан мағыналы шаралар аз емес, соның бірі – марафон. Сіз бен біздің ортақ міндетіміз халыққа, елге адал қызмет ету. Марафон Бейнеуге табысталды, ендігі кезекте Мұнайлы мен Қарақия аудандары және Жаңаөзен қаласы тұр. «Адал жол» кітабына өздеріңіздің ұсыныстарыңыз немесе тілектеріңізді қалдыра аласыздар. Мұның тәрбиелік мәні зор, әсіресе жастар үшін, — деді ол өз сөзінде.  

Одан әрі, шара аясында «Отпан» фальклорлық ансамблінің әншісі Дарын Қосай  «Астана» әнін әуелете орындаса, «Ақтілеу» әжелер ансамблі «Туған жер» әнін ықыласпен шырқады. Әнмен басталған жиын волейболдан ашық турнирмен жалғасты. Спорттық сайыс бес командадан құралды. Үш сағатқа созылған турнир қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің бөлімдерінен жасақталған команда жеңімпаз атанды. Екінші орынға ардагерлер командасы, үшінші орынға коммуналдық кәсіпорындар мен мектеп директорларын біріктірген команда жайғасты. Турнир жеңімпаздарына грамота, медаль, кубок және естелік сыйлықтар табысталды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі