Ақтөбе өңірінде бірнеше мемлекеттік қызметкер тәртіптік жазаға тартылды

36

Ақтөбе облыстық Әдеп жөніндегі кеңесі қала әкімдігінде отырыс өткізіп мемлекеттік қызметкерлердің тәртіп бұзуына қатысты мәселелерді талқылады. Аталмыш жиын «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Ақтөбе облысындағы филиалының облыстық Кеңес төрағасы Қуаныш Илюбаевтың қатысуымен өтті.

Отырыстың негізгі күн тәртібінде мемлекеттік қызметкерлер тарапынан болған бірнеше тәртіп бұзушылық мәселелері қаралды. Мәселен, көлік құралын алкогольдік ішімдік қолданып масаң күйде басқарып ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзғаны үшін «Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ-сі басшысының орынбасары Әміржан Оразғалиевтің тәртіптік ісі қаралып, нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес оған сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Сонымен қатар, жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы тиіс ақпаратты беруден негізсіз бас тартып ҚР «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағы 7-тармақшасын бұзғаны үшін «Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі басшысының м.а. Жандос Утеулинге Әдеп жөніндегі кеңес қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Одан өзге аталмыш отырыста  шетелдік жұмыс күштерін тартуға заңсыз рұқсат беріп ҚР «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағы 4-тармақшасының талабын бұзғаны үшін «Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» ММ-сі басшысының орынбасары Гулзада Алматбаеваның ісін Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық деп тапты. Алайда тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты Әдеп жөніндегі кеңес тәртіптік істі тоқтатты.

Ақтөбе қаласының Әдеп жөніндегі уәкілі қызметінің қорытындылары және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу нысандары мен әдістерін жетілдіру мәселелері бойынша мәселелер сөз болып, Әдеп жөніндегі кеңес тарапынан тиісті кеңестер ұсынылды.

Отырыс соңында «Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» ММ басшысының м.а. мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл бойына атқарылған жұмыстар туралы ақпарат беріліп, ұсынымдар жасалды.

Менш. ақп.