392
ФОТО: tvsamara.ru

СҰРАҚ: Сіздерден Еңбек кодексінің кезекті еңбек демалысына шығу тәртібі бойынша түсіндірме беруді сұраймын. Еңбек кодексіне сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде «нақты жұмыс істелген уақыт» деген мерзім қалай есептеледі? Кезекті еңбек демалысына шығу кезінде еңбек демалыстарының кезеңі қалай айқындалады және алғашқы мемлекеттік қызметке кіру уақыты ескеріледі ме?

ЖАУАП: Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі — Кодекс) 90-бабына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы берілген кезде: 1) нақты жұмыс істелген уақыт; 2) жұмыскер нақты жұмыс істемеген, бірақ оның жұмыс орны (лауазымы) мен жалақысы толық немесе ішінара сақталған уақыт; 3) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігіне байланысты нақты жұмыс істемеген уақыт, оның ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалыста болған уақыт; 4) жұмыскер жұмысына қайта алыну алдында нақты жұмыс істемеген уақыт еңбек өтіліне қосылады. Кодекстің 92-бабына сәйкес жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі. Жұмыс жылы жұмыскердің бірінші жұмыс күнінен бастап есептелген күнтізбелік он екі айды құрайды. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының бір бөлігі жұмыскердің еңбек шартында көзделген демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс. Кодекстің 93-бабына сәйкес жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 54-бабы 4-тармағына сәйкес мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi. Мысалы: Сіз 2007 жылдың 1 қаңтарында жұмысқа кірген болсаңыз. Бұл жағдайда, мемлекеттік қызметкердің жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік 30 күнді құрайды. Жұмыс жылы – күнтізбелік он екі ай. Қызметкер жұмыс жылында нақты 5 ай жұмыс жасады. Қызметкердің жұмыс істеген әрбір айына 2,5 күн ақы төленетін еңбек демалысы беріледі. Яғни, қызметкердің нақты жұмыс жасаған уақыты үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы 12,5 күнді құрайды. Осыған орай, Сіз жыл сайынға ақы төленетін еңбек демалысын тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында толық немесе нақты жұмыс істеген уақытыңызға алуға құқылысыз.